Алматыда Павлодар облысының белгілі күйшісіне ескерткіш тақта орнатылды
Биыл халық әртісі Рүстембек Омаровтың туғанына 105 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданынан бір топ азамат Алматы қаласына барып, әйгілі тұлға, күйші, домбырашы тұрған үйдің қасбетіне ескерткіш тақта орнатты. Шараға Рүстембек Омаровпен әріптес, замандас болған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің өкілдері, достары қатысты.
– Бұл іс Аққулы ауданының бастамасымен жүзеге асырылды. Бізге Алматы қаласының мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. Рұқсат қағаздарын заңға сәйкес рәсімдеп, келісім алдық. Рүстембек Омаров Құрманғазы оркестрінің ең мықты концертмейстрі, Ахмет Жұбановтың ең сүйікті домбырашысы болған. Жуырда ауданда күйшілер керуенін өткізілді. Ол кісінің төрт қызы болатын. Қазіргі таңда жалғыз қызы Қарлығаш апай Алматыда тұрады. 10 тамызда Аққулы ауданында өтетін үлкен шараға қатыспақ, – дейді Аққулы аудандық мәслихатының төрағасы Алма Қасымова.
Аққулы ауданынан барған делегация домбырашы жерленген Кенсай зиратына туған жері – Шарбақты ауылынан топырақ апарып салған.
Рүстембек Омаров 1919 жылы 7 қыркүйек күні Аққулы ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген бала Салық, Тоқбай, Темірболат сынды әнші-жыршылардың ортасында жүрген.
1934 жылы 15 жасқа тола қоймаған бала Рүстембек Ахмет Жұбановпен танысып, Алматы қаласында жаңадан құрылып жатқан қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамына алғашқы домбырашылардың бірі болып қабылданған.
Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров сияқты көптеген күйшілерді даярлаған. Қазақ халық күйлері мұрасын, әсіресе Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген.
Күйші 1988 жылы дүниеден озды.
Еске сала кетейік, 10 тамыз күні Аққулы ауылында Абай күніне орай Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына және ауданның 85 жылдығына арналған мерейтой ұйымдастырылады.