Жеті партия бәсекеге түскен ерекше сайлау өтуде – Павлодар облысының Құрметті азаматы
Ақын, журналист, Павлодар облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалы сайлауда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шолпан Байғалы М.Катаев атындағы оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Бұл сайлау – ерекше сайлау. Ерекшелігі сол жеті бірдей партия сайлауға қатысып, өз үміткерлерін додаға қосты. Жаңа Қазақстанның жаңа адамдары – жастар депутаттыққа кандидат екені жайлы халықпен кездескенде білген болатынмын, - деді Шолпан Байғалы.
Павлодар облысының Құрметті азаматы сайлау әділ өтіп жатыр деген ойда екенін айтты.
– Себебі бақылаушылар жіті бақылап, дауыс беру барысын қадағалап отыр. Сайлаушылардың берген даусына қарай Мәжіліске, мәслихаттарға жаңа адамдар, жастар келеді деп ойлаймын. Жастар – біздің болашағымыз. Мен өз таңдауымды жасадым. Олар елімізде жасалып жатқан реформаларды алға жылжытады деп үміттенемін, – деді Шолпан Байғалы.
Еске салайық, Павлодар облысы таңертең дауыс берушілер саны бойынша көшбасшылар қатарында.
Павлодар облысында таңғы жетіден бастап 523 сайлау учаскесі іске қосылды. Олардың жүзден астамы облыс орталығында орналасқан.
Сайлау учаскелері сағат 20: 00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар.