Павлодардағы жас сарбаздар «Қыз қуу» ойынын дәріптеді

Павлодардағы жас сарбаздар «Қыз қуу» ойынын дәріптеді
«Жас сарбаз» лицей-мектеп-интернаты

Шара «Ұлттық спорт» күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қабанбай батыр» атындағы облыстық мамандандырылған «Жас сарбаз» лицей-мектеп-интернатының сарбаздары да Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Бұған дейін тәрбиеленушілеріне Наурыз көжеден дәм таттырып, бауырсақ үлестірген білім ошағы бұл жолы ұлттық спортты жаңғыртуды мақсат еткен.

- Мектебімізде 14 наурыздан бастап Ұлыстың ұлы күні тойлануда. Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін кез келген адам білуге әрі құрметтеуге міндетті. Ал халқымыздың ұлттық ойыны жастарды патриоттыққа, намысшыл болуға, қарсыласқа есе жібермеуге тәрбиелейтінін ескерсек, бұл біздің жас сарбаздардың әрбірінің бойынан табылуы тиіс басты қасиеттер. Сол себепті, ұлттық кодымыздан алыстамай, тәрбиеленушілер арасында бүгінгідей шараны ұйымдастырдық, - деді лицей-мектеп-интернатының директоры Иран Бектеміров.

Мереке қарсаңында өткен шарада жас сарбаздар арқан тартып, гір тасын көтеріп, аударыспақ арқылы күш сынасса, сонымен қатар асық атып, жігіттер мен қыздар «Қыз қууға» қатысты.