Жиырма жеті жыл іздеуде жүрген павлодарлық Мәскеуде қолға түсті

Жиырма жеті жыл іздеуде жүрген павлодарлық Мәскеуде қолға түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол қарақшылық шабуыл жасап, кейін бой тасалап кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының полиция департаменті прокуратурамен бірлесіп, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып, бой тасалап жүрген адамдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасырынған қылмыскерлердің жүрген жерін анықтау және ұстауға бағытталған ұйымдастырушылық және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін тұрақты түрде жүзеге асыруда.

– 2026 жылдың 10 айында барлығы 82 қылмыскер іздеуде болды. Оның ішінде 62 қылмыскерге полицияның аумақтық бөлімшелері биыл іздеу жариялаған. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген 73 қылмыскер анықталды. Олардың 1-і адам өлтіргені үшін, 3-еуі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін, 3-еуі тонау бойынша іздеуде болған, – деді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов.

Сонымен қатар, қабылданған шаралар нәтижесінде облыс аумағында шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан 31 қылмыскер анықталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде яғни шет мемлекеттердің аумағында жасырынып жүрген 7 қылмыскер анықталды.

Атап айтқанда, Павлодар облысы криминалдық полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы Мәскеу облысының Ресей ІІМ жедел қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар жүргізу барысында Мәскеу қаласында іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады.

Ол 1999 жылдан бері Павлодар қаласында жасалған қарақшылық шабуыл үшін полициядан бой тасалап, ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген.

Ведомство атап өткендей, іздестіру жұмыстары полицияның жедел-қызметтік қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жазаның бұлтартпастығының негізгі қағидатын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі.