Жоғалған бала табылды: Шарбақтыда бір түнде бүкіл ауыл бірікті

Түнгі уақытқа қарамастан, іздеу шаралары үздіксіз жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 шілде күні кешке Шарбақты ауданының полициясына Александров ауылында 13 жастағы баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Бала кешке үйіне оралмаған. Ақпарат түсе салысымен, тәртіп сақшылары дереу іздестіру шараларына кіріскен.
Іздеу жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсенді атсалысты. Кешкі уақытқа қарамастан, ондаған адам сыртқа шығып, бала табылады деген үмітпен елді мекен аумағын, саябақтарды және бос жатқан аумақтарды шолып шықты.
– Полиция қызметкерлері ауыл сыртындағы аумақтарды қамту үшін іздеу топтарын ұйымдастырды. Бірнеше экипаж ондаған шақырымдық радиустағы алқаптарды, орман белдеулерін тексерді. Іздеу тобы түні бойы жұмыс істеді, тіпті көріну шектелген жағдайда да іздеу шараларын тоқтатпады. Таңғы сағат 8 шамасында бала табылды. Бақытымызға орай, ол ешқандай зардап шекпеген және қазір ата-анасының жанында, – деді ведомствода.
Бала әкесі Нұрпейіс Мұхитденов ұлын іздеуге атсалысқан барлық азаматтарға шын жүректен алғысын білдіріп, бұл оқиғаның отбасындағы келіспеушіліктен туындағанын жеткізді. Ол ауыл тұрғындарына, полиция қызметкерлеріне, әсіресе жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен мамандарға ерекше ризашылығын білдірді.
Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Ардақ Ешмағамбетов бұл жағдай қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай сәттерде қырағылық пен ұйымшылдық – басты құндылықтардың бірі.