Павлодарлық жағалауда балаларға тегін бассейн ашылды
Су үнемі ағып кетіп отыратындықтан, келушілерге медициналық анықтама қажет емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылытылатын бассейн 50 адамға арналған. Шомылу уақыты – бір сағат. Бұдан кейін келесі 50 адам кіре алады.
Балалар кешен аумағына ата-аналарының сүйемелдеуімен кіреді. Бассейнде жүзу нұсқаушысы және құтқарушы жұмыс істейді.
– Ертіс өзенінде балаларға қоршау қойылған, бірақ бұл қоршау қауіпсіздікке үнемі кепілдік бермейді, – деді бассейннің ашылуына келген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. – Сондықтан кішкентай тұрғындардың жүзуі үшін қауіпсіз орын – бассейн ұйымдастырдық.
Кешен шомылу маусымы аяқталғанға дейін жұмысын жалғастырады. Жұмыс уақыты күн сайын – сағат 9:00-ден 20: 00-ге дейін.