Қарқынды еріп жатыр: Павлодар облысының тағы қай ауылдарында су басу қаупі бар?
Елді мекендерде жергілікті тұрғындар үйлерге су кірмесін деп белсенділік танытуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.
5 сәуір сағат 9:00-дегі жағдай бойынша облыстағы автокөлік жолдарының үш учаскесі бақылауда тұр, оның ішінде екі облыстық және бір республикалық маңызы бар автокөлік учаскесі. Сонымен қатар, Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл аудандарында орналасқан жеті учаскесі бақылауда тұр.
– Ақтоғай және Шарбақты аудандарында жеті тұрғын үй су астында қалып отыр. Қардың қарқынды еруіне байланысты еріген су деңгейінің күрт өсуі байқалды, соның салдарынан Ертіс ауданы Ағашорын ауылындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Ауылда еріген су деңгейіне тәулік бойы кезекшілік жүзеге асырылады,– деді департаментте.
Жергілікті жерде тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу үшін ТЖД, жергілікті атқаршуы орган күштерімен еріген суларды бұру жұмыстары жүргізілуде және жергілікті тұрғындар да белсенді көмек көрсетуде.
Ал Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Еріген суды ағызу үшін траншеялар салынды, мотопомпалар жұмыс істеуде.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 268 адам, 114 техника, 30 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Өткен тәулікте 87 294 м3 еріген су сорылды, 300 дана қап төселді, 300 тонна инертті материал төгілді.