Павлодарда оқушылар мен курсанттар пікірсайыс алаңында кездесті
Турнирде құқық тақырыбындағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.М.Катаев атындағы оқушылар сарайында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы, «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында оқушылар, колледж студенттері мен ІІМ оқу орталығының курсанттары арасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.

Өңірлік білім беру басқармасының әдіскері Айнұр Альханованың айтуынша, жарысқа 16 адамнан құралған сегіз команда қатысты. Оның төртеуі Жастар лигасына, қалған төртеуі ҚР ІІМ оқу орталығының курсанттарынан құралған құқық қорғау органдары лигасына кірді.
– Барлық колледждер мен студенттерді қамту үшін осындай пікірсайыстарды ай сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін қатысушылар құқықтық мәдениет, жасөспірімдер қауіпсіздігі және азаматтық жауапкершілікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады, – деді әдіскер.
Жастар лигасында Тәшенев атындағы және №48 жалпы орта білім беру мектебі, Павлодар технологиялық колледжі, Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі және Павлодар жоғары мұнай-газ колледжінің өкілдері бақ сынады.

Кездесуде құрдасының құқық бұзушылығына куә болған жасөспірімнің жауапкершілігі, кәмелетке толмағандарға арналған түнгі коменданттық сағаттың әсері, ата-аналардың 16 жасқа толмаған балаларының жеке хат-хабарларына қол жеткізуі және «мүлдем төзбеушілік» қағидатының жасөспірімдерге ықпалы сөз болды.

№48 мектептің зияткерлік клубының бірінші спикері Нұрқадыл Оңғарұлы мұндай жарыстарға екінші жыл қатысуда. Алғашқы облыстық сайыста ол үздік спикер атанған.
– Дебат – пікірталас сайысы. Мұнда өз ойыңды анық жеткізіп, оны дәлелдей білу керек. Ең бастысы – қарсылас топты және төрешіні құрметтеу. Бүгінгі тақырыптардың ішінде кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін жүруіне шектеу қою мәселесін өзекті деп санаймын. Себебі түнгі уақытта көшеде түрлі қауіп болуы мүмкін. Сонымен қоса, мұндай жарыстар жастарға өзін танытуға және қабілетін дамытуға мүмкіндік береді, – деді қатысушы.
ІІМ оқу орталығының тыңдаушысы Линар Кадыр бұл тәжірибенің болашақ полиция қызметкерлері үшін маңызын атап өтті. Саясаттану мамандығын меңгерген курсант мектеп және университет кезінен дебатқа қатысып келген.
– Болашақ құқық қорғау орган қызметкерлері үшін бұл тәжірибе өз ұстанымымызды дәлелдеуге, құқықтық мәселелерді талқылауға және азаматтық қоғаммен коммуникация жасауға көмектеседі. Біз өзімізді тек тәртіп сақшылары ретінде емес, қызығушылығы мен хоббиі бар қарапайым адамдар ретінде көрсете аламыз, – деді ол.

Турнир Public Forum Debate форматында ұйымдастырылды. Бұл форматта тараптар бір-біріне сұрақ қойып, қарсы уәждерді теріске шығарып, өз көзқарасын қорғады. «Айқаспалы от» кезеңінде сұрақтардың нақтылығы, логикалық пайым және пікірталас мәдениеті бағаланды.
Командалар дәлелдердің сапасы, диалогтағы тиімділік, ұжымдық жұмыс, шешендік өнер және «Адал Азамат» қағидаттарына сай пікірталас жүргізуі бойынша бағаланды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды №48 жалпы орта білім беру мектебінің «Зияткер» командасы мен Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Логос» командасы иеленді. Екінші орын ҚР ІІМ оқу орталығының курсанттарынан құралған «Аманат» және «Курсанттар» командаларына бұйырды. Ал үшінші орынға Павлодар технологиялық колледжінің «Ертіс өңірі» және Павлодар жоғары мұнай-газ колледжінің «Алға» командалары ие болды.
Жеңімпаздарға диплом, кубок және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, үздік спикерлер анықталып, «Айқаспалы от шебері» және «Адал азамат» номинациялары бойынша марапаттар берілді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оқушылар, студенттер және ІІМ оқу орталығы курсанттарының басын қосқан мұндай ашық форматтағы пікірталас шаһарда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.