«Қауіпсіз жол»: Павлодарда техникалық ақауы бар автобустар анықталды
Қоғамдық көлікті тексеру барысында заңбұзушылықтың беті ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруде.
Тексеру барысында автобустарға қызмет көрсететін төрт автокәсіпорын қамтылды. Анықталған шаралар бойынша жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, техникалық ақауы бар көліктерді пайдалануға шығарғаны үшін автокәсіпорын басшыларына да әкімшілік шара қолданылды.
Павлодар қаласы полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Сұлтан Жүнісовтің айтуынша, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету –тәртіп сақшысының жұмыстағы басты бағыты.
– Біз жолаушылар тасымалына бақылауды жүйелі түрде күшейтіп, жолдардың жай-күйін комиссиялық түрде тексереміз. Онымен қоса, жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстарын жүргізіп келеміз.Бұдан бөлек, ата-аналар да балаларына жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып отырғаны маңызды. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақаттануды, оның ішінде жасөспірімдердің жарақаттануын азайта аламыз, – деді Сұлтан Жүнісов.
Тексеріс бойынша тиісті шаралар қабылданады.