Павлодарда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кеңес беру қызметі кеңейтілмек

Павлодарда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кеңес беру қызметі кеңейтілмек
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес келесі жылдан бастап жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде облыстық ПМПК, Павлодар және Екібастұз қалаларында ПМПК штатты түрде жұмыс істейді. Қазанда облыс орталығында 18 жасқа дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау және кезектілікті азайту мақсатында қосымша №2 ПМПК ашылды. Бұл туралы мүгедектер істері жөніндегі кеңестің отырысында облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина мәлім етті. 

– Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесте қабылдауға жазылу қаңтарға дейін толық. Бала саны көп. Келесі жылы Павлодарда қосымша ашылған №2 ПМПК толық жұмысқа кірісетін болады,– деді Самал Айтқазина.

Әзірге жаңадан ашылған №2 ПМПК Естай көшесі, 56 мекенжайы бойынша орналастырылды. Бірақ басқарма басшысы бұл ғимарат уақытша екендігін жеткізді. Штаттық қызметкерлерді алғаннан кейін орталық қабылдауды ашады.  

– Бүгінде облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7489 бала тұрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 7,4% өсті. Өңірде 1952 мүгедек бала бар, бұл – өткен жылғымен салыстырғанда 139 балаға көп, – деді Самал Айтқазина. 

Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім беру бағдарламасын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалар қажетті көмек пен кеңес ала алады. Балаларды диагностикалық тексеруді және оларға кеңес беруді педагогикалық және медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Кеңес өткізетін және шешім шығаратын комиссия мүшелеріне 5-6 маман кіреді: педагог-психолог, логопед-мұғалім, дефектолог-мұғалімдер, невропатолог-дәрігер, психиатр-дәрігер және т.б. 

Облыстық ПМПК барлық аудандар мен Ақсу қаласының балаларына қызмет көрсетеді. Қажеттілік туындаған кезде мамандар көшпелі кеңеске шығып тұрады.