Павлодарлық филолог жаңа мектепке Жүсіпбек Аймауытовтың есімін беруді ұсынды
Орталық қалалық кітапханада «Қаламгердің рухани мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Жұлдызы жоғары ұлы тұлға» атты әдеби кеш өтті. Сондай-ақ, жиында ақын шығармаларынан поэзия оқылды. Аталмыш іс-шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері, Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шара балабақшаларда балалардың ұғымына ертегілерді, әңгімелерді, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды танытуға, мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттеріне Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығындағы кейіпкерлердің ішкі жандүниесі мен сыртқы бейнесі арқылы кең бояулы палитраны сездіруге бағытталған.
– Аймауытов көзқарасының негізгі тақырыбы – халықтың адалдығы және азаттық идеясы. Ол қалың бұқараның қараңғылығын, мешеулігін сынап, оларды оқу, білім, өнер жолына үгіттейді, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің доценті Әділбек Әміренов.
Еске алу кешінде салынып жатқан Достық шағын ауданының жаңа мектебіне Жүсіпбек Аймауытовтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, туған жері Баянауылда қараусыз қалған жетім балаларға арналған орталықта Бұқар жырау музейінде жасалынған макет негізінде ескерткіш жасап, туристерге паш ету туралы пікір айтылды. Үшінші ұсыныс ретінде кіндік қаны тамған жер – Дәндібай қыстауында тасты ретке келтіріп, кешен құру жұмыстарын жүргізу туралы сөз қозғалды.
– Жүсіпбектану барлық оқу орындарында оқытылу керек. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орайласып, Жүсіп Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры «Қаныш-Жүсіпбек» қойылымын дайындап жатыр. Осындай көркем шығармалардың өресінде Жүсіпбектің талантын таныту керек, – дейді С. Торайғыров атындағы филология ғылымдарының кандидаты, профессор, үш тұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, жүсіпбектанушы Айман Зейнуллина.
Оның айтуынша, жазушының «Қартқожа» романында басты кейіпкер Жүсіпбектің өзі десе, бүгінде Қартқожаның жеке тұлға ретінде басқа адам екенін дәлелдейтін мұрағат табылды.
Осыған байланысты іс-шарада мұрағат таныстырылымы өтті. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытовтың мерейтойына арналған үш тілде монографиясы жарыққа шығады.
Айта кетейік, Қазақстанның әр түкпірінде Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналаған іс-шаралар өткізіліп жатыр.