Қазақстан ауылдарында 655 жаңа медициналық мекеме салынады

Қазақстан ауылдарында 655 жаңа медициналық  мекеме салынады
Фото; sputnik.kz

Үкіметте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Sputnik.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният алдағы екі жылда ауылдарда жаңа 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандарын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Олардың қатарында физиотерапия кабинеті мен дәріхананы, фельдшерлік-акушерлік бекеттерді (ақпараттандыру кабинеті қосылды) және дәрігерлік амбулаторияларды (емдік дене шынықтыру залы қосылды) қамтитын заманауи медициналық бекеттер бар.

Физиотерапия кабинеттері электротерапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, фототерапия, ультракүлгін терапиясы, ингаляторлар және басқа да құрылғылармен жабдықталатыны атап өтілді. Емдік дене шынықтыру залында ұсақ моториканы қалпына келтіру мен дамытуға арналған түрлі тренажерлар, эрготерапияға арналған стендтер, швед қабырғасы, кинезотерапияға арналған жабдықтар болады. Сонымен қатар барлық жаңа алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету нысандары телемедицинаны ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ұлттық жоба шеңберінде инсульт және кардиологиялық орталықтар, оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшелері ашылып, көпбейінді орталық аудандық 32 аурухананы жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау мекемелері үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отыр, олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер мен акушерлер бар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жаңа медициналық нысандардың үлгілік жобаларын жергілікті жағдайға бейімдеу жұмыстары туралы айтты.

Әлихан Смайылов денсаулық сақтау министрлігі ұлттық жобаны үйлестіру мен бақылауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.