Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі отырысының негізгі тақырыптарына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында бизнестің, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандық өндірісті дамытуға қажет жүйелі өзгерістерді талқылады.
Отырысты ашқан Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңда бекітілген қағидаттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы экономикада нақты көрініс табуы тиіс.
Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайызға өсіп, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2 пайыздан 13 пайызға дейін артты. Келесі кезеңнің міндеті – үстінен қосылатын құны жоғары өнім өндіретін өндірістерді дамыту.
– Қосылған құн – XXI ғасырдың жаңа мұнайы. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіп туралы әңгіме – Қазақстанның экономикалық дербестігі туралы әңгіме деген сөз. Интеллектіні, технологияны және дайын өнімді экспорттайтын мемлекет әрдайым өз болашағын өзі айқындау ісінде әлдеқайда көп мүмкіндікке ие, - деді Айбек Дәдебай.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Іскерлік кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл жүйе отандық өндірісті дамыту ісін ынталандыруы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өнім өндірісін жолға қою деген сөз.
Мәселен, Саяси кеңес бюросының мүшесі, «Универсал» компаниясының басшысы Замира Кузиева жеткізушілерді тек тауардың шығу тегіне қарай емес, олардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесіне қарай бағалауды ұсынды.
– Мемлекеттік сатып алу жүйесі тек тауарлар мен қызметтерді сатып алу тетігіне емес, сонымен бірге отандық өнеркәсіпті дамыту құралына айналуға тиіс, - деді ол.
Ал «Каустик» АҚ-ның бас директоры Ермек Тоқмағамбетов қолдау шараларын толықтыруды ұсынды. Оның айтуынша, кәсіпорын отандық шикізатты өңдейді, өнімдегі локализация деңгейі 95 пайыздан асады, ал өндірісті дамытуға салынған инвестиция көлемі 100 миллион АҚШ долларынан асып отыр.
Іскерлік кеңес барысында айтылған барлық ұсыныс іс жүзінде жалғасын табуы тиіс.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, әрбір өнеркәсіптік жобаның артында кәсіпкерлер, инженерлер, жұмысшылар және олардың отбасылары тұр. Сондықтан отандық өндірісті дамыту қадамы еліміздің әрбір өңірінде нақты нәтиже беруі қажет.
– Конституция нормаларын кәсіпкерлер, инженерлер, жұмысшылар, инвесторлар және әрбір қазақстандық отбасы нақты сезінетін шешімдерге айналдыру маңызды», - деді партия Төрағасы.
Ол QR-код арқылы онлайн форматта қазақстандықтар өз бастамаларын ұсынып, мәселелері туралы хабарлай алатынын еске салды.
«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі мүшелерінің барлық ұсынысы алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының Ақ кітабына (White Paper) біріктіріледі. Құжатқа бизнес өкілдерінің бастамалары, сарапшылардың ұсынымдары және оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспары енгізіледі.