Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті

Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті
Фото: Ақорда

Оған Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілішісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды

Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған.

Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.

– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қырғызстан Президенті Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді

– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды. Қалыптасқан татулығымыздың негізінде біз барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген, – деді Садыр Жапаров.

Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.