Баянауыл ауданында шағын футбол алаңы ашылды (ВИДЕО)

Сәтбаев ауылдық округінің Мұса Шорман ауылындағы спорт кешенінде балалар және воркаут, шағын футбол алаңдары орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 25 млн теңге бөлінген. Мұса Шорман ауылында 618 адам тұрады. Аула саны – 134. Балалар алаңының көлемі  15х20 болса, футбол алаңының көлемі  – 20х40 метр.

– Бұдан бөлек, Мұса Шорман ауылына кіреберісте демеушілердің есебінен «Алтын қақпа» орнатылды. Қақпаны тұрғызуға іргелі ауылдың белсенді тұрғындары,  шаруа қожалық басшылары, туған өңірден шет жүрсе де, ауылына бүйірі бұрып тұратын азаматтар атсалысты, – деді әкімдікте. 

Қақпа мен шағын футбол алаңының ашылу салтанаты Қаныш Сәтбаевтың 124 жылдығына орайластырылды. Ауылдың қазыналы қариялары ақ баталарын беріп, ауыл абыройының асқақтай беруін тіледі. 

Ауыл жастарының ұйымдастыруымен шағын футболдан жастар және үлкендер арасында турнир өткізілді. Қасиетті Рамазан айында ауылдың атынан барша ауыл тұрғындары мен келген қонақтарға  дастархан жайылып, ауызашар берілді.