Қазақстанда жүргізушілерге сапарды кейінге қалдыру ұсынылды

Қазақстанда жүргізушілерге сапарды кейінге қалдыру ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Солтүстік және орталық өңірлерде жаңбыр аралас қар жауып, жолдарда көріну нашарлауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көлік министрлігінің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанда ауа райы тұрақсыз болады. Өңірлер арасындағы температура айырмашылығы мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты солтүстік және орталық аймақтарда күн райы нашарлайды.

Жаңбыр аралас қар және қар жауып, ауа температурасы төмендейді. Жел күшейіп, тұман мен жауын-шашын салдарынан жолдағы көріну қашықтығы қысқаруы ықтимал.

– Ауа температурасы төмендеген кезде жолдың ылғал жабыны тайғақ болуы мүмкін. Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты сақтап, күрт маневрлерден аулақ болу маңызды, – деп ескертті министрлікте.

Мамандар сапар алдында ауа райы болжамы мен бағыттағы жол жағдайын тексеруге кеңес береді. Көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық учаскелерде ерекше сақ болған жөн.

Ауа райы күрт нашарласа, министрлік мүмкіндігінше жолға шығуды кейінге қалдыруды ұсынады.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы «ҚазАвтоЖол» байланыс орталығынан білуге болады.