Қазақстанда ағаш экспортына шектеу қойылды

Қазақстанда ағаш экспортына шектеу қойылды
Фото: pexels.com / Maria Ilaria Piras

Шектеу елдің ішкі нарығын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатын көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өнеркәсіп және құрылыс министрінің биылғы 5 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, 12 желтоқсаннан бастап ағаш өнімдерін экспорттауға алты ай мерзімге тыйым салынды. Бұл шектеу көліктің барлық түріне қатысты және тауардың шыққан еліне қарамастан қолданылады. Атап айтқанда, СЭҚ ТН коды 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407 болып таңбаланған өнімдер бақылауға алынды.

Дегенмен бұл ережеден тыс қалатын тауарлар да бар. 

Атап айтқанда, теміржол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдар мен елімізде өндірілген ағаш түйіршіктерін сыртқа шығаруға рұқсат етіледі.

Мамандардың пікірінше, уақытша тыйым өндіріс көлемін арттырып, дайын өнім шығаратын зауыттардың әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді.