Қазақстан жеңілдетілген автонесие шарттарын өзгертуі мүмкін
Қазақстанда бір ғана жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қалады, деп хабарлайды Tengrinews.kz
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспановтың айтуынша, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта форматталады. Енді бұл автобус сатып алу үшін өңірлерге несие беру бағдарламасы болмақ.
- Жеңілдетілген автонесиеге бөлінген 100 миллиард теңгенің барлығы игерілді. Жыл басынан бері алдымызда осы қаржыны одан әрі дамыту, игеру міндеті тұр. Бірінші кезектегі қажеттіліктерді зерделеу міндеті тұрды. Өңірлерді аралағанда, көбінесе автобустармен жабдықтау мәселесі көтерілді. Бүгінде қалалардағы автобустардың 46 пайызы ескірген. Жергілікті атқарушы органдармен кездесулер өткізіп, қажеттіліктерді жинадық. Бүгін 2000 автобусқа тапсырыс бердік. Олардың тең жартысы Алматы қаласының әкімдігінен келген, мұнда тапшылық жоғары, - дейді Ілияс Оспанов.
Вице-министр Қазақстанда жеңілдетілген автонесие берудің екі бағдарламасы бар екенін еске салды. Тек біреуі қайта форматталады.
- Бізде автокөлікті несиелендірудің екі бағдарламасы бар. Бірінші бағдарлама - Қазақстанның Даму банкі арқылы, екіншісі - Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ӨКМ қаржысы есебінен. Дәл қазір ол қайта форматталады, қаражат аймақтарға автобустарды несиелендіруге бағытталды. Ал Қазақстанның Даму банкі аясындағы бағдарлама өзгеріссіз қалды, - дейді Ілияс Оспанов.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта пішімдеу себептеріне тоқталған Ілияс Оспанов министрліктің алдында бөлінген қаржыдан барынша тиімді пайдалану міндеті тұрғанын қайталады.