Қазақстанда SIM-карта сатып алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Оларды тіркеу процесіне бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған жаңа бұйрық жобасында айтылған. Құжат 23 мамырға дейін көпшілік талқылауында болады.
Министрлік бұл бастаманы интернет-алаяқтықпен күрес аясында ұсынып отыр. Алаяқтар қазақстандық SIM-карталарды жеке тұлғаны сәйкестендірмей пайдаланып, қылмыстық әрекеттерге барады. Сондықтан жаңа құжатта SIM-карталарды сатуға шектеу енгізу және тек жеке басын растаған азаматтарға ғана беру ұсынылған.
– Жаңа ережелер күшіне енген соң SIM-карталарды тек байланыс операторларынан сатып алуға болады. Бұл алаяқтық деректерін азайтуға сеп болады, – делінген бұйрық жобасында.
Бұйрық жобасына сәйкес, байланыс операторлары арнайы call-орталықтар құруы тиіс. Бұл орталықтарда азаматтар күдікті қоңыраулар туралы хабарлап, жедел әрекетке жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Орталық арқылы күдікті нөмірлерді жедел анықтап, бұғаттауға, құқық қорғау органдарына қажетті деректерді жинауға және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға болады, – делінген құжатта.
Бұйрық қабылданса, әрекет алгоритмі келесідей болады:
- Абонент ұялы байланыс операторының анықтама қызметіне күдікті қоңырау бойынша шағым түсіреді;
- Оператор тексеріс жүргізіп, қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұратады;
- Шағым расталған жағдайда, абоненттік нөмір бұғатталады.