Милан-2026: қысқы Олимпиадаға қай өңірден неше спортшы барады?

Милан-2026: қысқы Олимпиадаға қай өңірден неше спортшы барады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Санаулы күндерден кейін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпия ойындары басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде биылғы қысқы Олимпиадаға тоғызыншы мәрте қатыспақ. Ұлттық құрама сапынан Италиядағы додада жалпы саны 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) ел намысын қорғайды. Салыстыру үшін айта кетсек, бұдан төрт жыл бұрын Қытайдың Бейжің қаласында өткен қысқы Олимпиадаға Қазақстан атынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) бақ сынаған еді.

Осы орайда назарларыңызға қысқы Олимпиадада Қазақстан намысын қай өңірден неше спортшы қорғайтынын ұсынамыз.

Өздеріңізге мәлім, елімізде қысқы спорт түрлері негізінен солтүстік және шығыс өңірлерде жақсы дамыған. Дегенмен Олимпиадаға қатаң климаты мен қалың қары бар өңірлермен қатар, қары аз оңтүстік аймақтардан да спортшылар қатыспақ.

Өңірлер бойынша Италиядағы қысқы Олимпиадаға ең көп спортшыны Алматы қаласы мен Ақмола облысы ұсынып отыр. Оңтүстік астанадан Миланға 4 спорт түрінен 6 спортшы аттанады. Ал Ақмоладан  2 спорт түрінен 6 спортшы барады.

Кейінгі орындарға Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, сондай-ақ Астана және Шымкент қалалары жайғасқан. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан 1 спорт түрінен 4 спортшыдан қатысса, Астана қаласынан 3 спорт түрінен 4 спортшы, Алматы облысынан 4 спортшы 2 спорт түрінен өнер көрсетеді.

Сондай-ақ Павлодар облысынан 3 спортшы (3 спорт түрі), Қостанай облысынан 2 спортшы (1 спорт түрі), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан бір-бірден (1 спорт түрі) спортшы өнер көрсетеді. 

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпия ойындары 6-22 ақпан күндері өтеді.