Қазақстанда туберкулезбен сырқаттану деңгейі төмендеді
Елде соңғы 5 жылда аурушаңдық 24 %-ға төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 1,5 есе төмендеді. Сондай-ақ, балалардың аурушаңдығы 27 пайызға азайды.
«Елімізде туберкулезді анықтау және диагностикалау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы ұсынымдарына сәйкес тексерудің барлық диагностикалық әдістері енгізілген. ПТР диагностикасы құрылды, ол туберкулездің бар-жоғын гендік деңгейде 2 сағат ішінде анықтауға және алғашқы күннен бастап емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры.
Айуынша,тәуекел деңгейі жоғары топтағы тұрғындарды скринингтік тексерулер тәуекелдерді азайтуға көмектеседі, ересектер флюорографиядан, ал балалар мен жасөспірімдер туберкулездің алдын алуға бағытталған диагностикасынан өтеді.
Амбулаторлық және стационарлық емдеуге қатысты барлық медициналық мекемелер тиімді емдеу үшін туберкулезге қарсы препараттардың қажетті кешенімен толық қамтамасыз етілген. Сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі 88,2%, дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі 80,2% құрады.
Пациенттерге ыңғайлы болу үшін амбулаторлық емдеу олардың тұрғылықты жеріне жақын орналасқан медициналық мекемелерде жүзеге асырылады.
«Мәселен, бүгінгі таңда 7750 науқас амбулаторлық ем алады, оның 1,9 пайызы үйде, 2,6 пайызы мобильді бригадада, 42,4 пайызы смартфон арқылы бейнебақылауда. Емдеу мониторингін күн сайын фтизиатр дәрігерлер, медбикелер және осыған жауаптылар қадағалайды. Елімізде жергілікті атқарушы органдардың туберкулезбен ауыратындарға ай сайын әлеуметтік қолдау көрсетуі өте маңызды. Есепті кезеңде туберкулезбен ауыратындардың 97%-ына 1971,2 млн теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді»,- дейді ол.
Сонымен қатар ол бүгін, 24 ақпан – туберкулезге қарсы күрес айлығы басталғанын атап өтті.