Қазақстанда тұрғын үй нарығында баға өспейді

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, тұрғын үй нарығында күрделі проблемалар күтілмейді.
– Тұрғын үй нарығында келесі жылы ешқандай күрделі проблемалар күтілмейді. Бұл – нарық қой. Егер біз баспана салмасақ, әрине, баға қымбаттай беретін еді. Бірақ біз құрылысты жалғастырудамыз. Былтыр 18,9 млн шаршы метр үй бердік. Биыл 19 млн шаршы метр баспана беріледі. Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты тұрғын үй бағасының бірден өсуі болмайды, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр барлығы заң жүзінде қадағаланатынын ескертті.
–Тұрғын үй нарығында бірден өсімнің, бағаның шарықтауына жол берілмейді, – деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Еске сала кетейік, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтті.