Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Словакияны 25 жылдан кейін жеңді

Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Словакияны 25 жылдан кейін жеңді

Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін, 19 мамырда Қазақстан құрамасы Словакиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесуде словакиялық хоккейшілер тізгінді өз қолына алуға тырысты. Бірінші кезеңде Қазақстан құрамасының қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде олардың сапынан Патрик Кох 14-минутта есеп ашты. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан үш шайба соғып кетті. Ел құрамасынан Роман Старченко 21, Валерий Орехов 24, Евгений Рымарев 25-минутта мергендік танытты.

Үшінші кезеңде словакиялық құрамадан Рихард Паник 48, Павол Регенда 56-минутта екі гол соғып, таразы басын теңестірді.

Осылайша кездесу 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте Қазақстан мүлт кеткен жоқ. Нәтижесінде қарсыласын 4:3 есебімен жеңді.

Қазірге дейін екі құрама сегіз мәрте кездескен еді. Оның алтауында словакиялық, біреуінде қазақстандық хоккейшілер басым түссе, бір ойын тең аяқталды.

Қазақстан құрамасы аталған қарсыласын 1998 жылы 2 ақпанда Олимпиада ойындарында 4:3 есебімен тізе бүктірді.

Еске салсақ, ел құрамасы бұған дейін буллиттен Норвегияны 4:3 есебімен жеңді. Одан кейін Чехиядан 1:5, Швейцариядан 0:5, Канададан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді ел құрамасы 20 мамырда Латвия, 22 мамырда Словения құрамаларымен кездеседі.

Сондай-ақ, 19 мамырда В тобында Латвия Словенияны 3:2 есебімен жеңді. Ал А тобында Финляндия Венгрияны 7:1, Германия Австриядан 4:2 есебімен басым түсті.