Astana Media Week - 2024: Сарапшылар мен танымал журналистер өзекті мәселелерді талқылады

Astana Media Week - 2024: Сарапшылар мен танымал журналистер өзекті мәселелерді талқылады

«Қазмедиа орталығында» сегізінші рет Astana Media Week - 2024 медиа апталығы өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбында өткен апталықты ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі. 

Биылғы іс-шарада сарапшылар мен индустрия көшбасшылары өздерінің кәсіби көзқарасы мен озық тәжірибелерін ортаға салып, пікір алмасты. Үш күнге созылған Astana Media Week алаңында журналистика бағытында білім мен тәжірибені арттыру және медиа саласындағы кадрлардың әлеуетін дамытуға бағытталған оқыту семинарлары өткізілді. Медиа апталықтың хэдлайнерлері – медиа саланың танымал мамандары өңірлерден келген журналистерге, медиа мамандарына мастер-кластар мен семинарлар өткізіп, қорытындысында сертификаттар табысталды.  

Ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хатын вице-министр Қанат Ысқақов оқып берді. 

– Құрметті әріптестер, баршаңызды жыл сайынғы Astana Media Week апталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттық маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор, ол тек ақпаратты тарату ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастырушы мәдениетті дамытуда үлес қосады. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп медианың ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер медиа мамандарының біліктілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Astana Media Week медиа саласының көшбасшылары мен кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылайтын кәсіби алаңға айналды. Баршаңызға табыс тілеймін, – делінген хаттың мәтінінде. 

Қазақ журналистикасының ардагері Қайнар Олжай  журналистің ішінде үш адам болу керек екенін атап өтті. 

Біріншіден, сен – журналиссің, іздедің, таптың, жаздың. Екіншіден, редактор болу керек. Ешкім саған редактор бола алмайды. Ең үлкен редактор – адамның өзі. Жазғаныңды үш рет оқысаң, жақсы журналист боласың. Алдымен тыныс белгілерін қойып шығасың, одан кейін артық сөздерді іздейсің. Үшіншісі, оқырман болу. Ең негізгі мәселе – журналистер оқыған материалдарын сайтқа шыққаннан кейін қайтып оқымайды, теледидарда шыққан материалды көрмейді, – деді Қайнар Олжай. 

Сондай-ақ «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Үкенова балалар мен ата-аналар үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті. «Тоқты мен Серке» мультфильмі жоспар бойынша осы жылдың аяғында не келер жылы үлкен экранға шығады.

Медиа апталық аясында шетел делегацияларының, республикалық және өңірлік телеарналардың, еліміздің түпкір-түпкірінен келген продакшн компаниялардың қатысуымен «Контент-маркет» көрмесі және «Өңірлік БАҚ Форумы» өткізілді.  Форумда өңірлердегі БАҚ-тың проблемалық және одан әрі даму мәселелері журналистермен, қоғам қайраткерлерімен, медиа саласының мамандарымен талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды. Контент-маркеттің биылғы ерекшелігі – өңірлік жекеменшік телеарналардың қатысу мүмкіндігі болды. Медиа алаңында жаңа телебағдарламалардың, ток-шоулардың, көркем, деректі және мультипликациялық фильмдердің тұсауын кесу үшін питчинг ұйымдастырылды. 

Еске сала кетейік, биыл маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Заң өз күшіне 25 тамыз күні енді. Жаңа заң еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түсері анық. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа ұғым қосылды. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» статусы да бар. Медиа апталықтың басты бағыты – «Масс-медиа туралы» заң болмақ. Заң бағытындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар, медиадағы көпбағытты платформалардың экожүйелері, соның ішінде өңірлік, спорт және салалық журналистикасына, балалар контентіне және қоғамдағы шиеленістерді басқаруда медианың роліне баса назар аударылады.