Қызылорда облысында үшем дүниеге келді
Оның 1-і ұл бала болса, 2-і қыз бала, деп хабарлайды Kazinform.
Ақбота Әбсаттар Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 2023 жылдың 8 желтоқсан күні үшем туды. Нәрестерлер анасының жүктілігінің 33-ші аптасында жарық дүние есігін ашты.
Нәрестелердің дүниеге келгендегі салмағы — 1830, 1670, 1200 грамм болды. Нәрестелер бірнеше минут айырмашылықпен дүниеге келді. Шақалақтар 1 айға жуық облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, тұрақты ем қабылдады.
Қызылорда қаласында тұратын 28 жастағы Ақбота Әбсаттар мен 30 жастағы Нұрсұлтан Қазбек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында қызмет атқарады.
Олардың бұдан бөлек екі жасар Жантөре атты ұлы бар.
Қазіргі таңда сәбилердің және анасының жағдайы жақсы. Нәрестелердің есімін ата-әжесі Әлинұр, Адина, Медина деп қойды.
Абсаттар Ақбота өзінің жүктілігі туралы 6-шы аптада білген. Дәрігерлер алғашқы тексеруде егіздер болуы мүмкін екенін болжаса, 8-ші аптада үшем екенін растады.
«Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Жүктілік қалай өтеді екен, балалардың дамуы, жетілуі қалай болады екен деп уайымдадым», — дейді Ақбота Әбсаттар.
Айта кетсек, облыстық перинаталдық орталығында былтыр 11 010 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде 151-і егіз болса, 3-і үшем.