Қол бұлғап қоштасу: Павлодар мектептерінде тапсырма орындайтын робот енгізілуі мүмкін

Оның биіктігі шамамен 1 метр 20 сантиметр. Ол мектеп оқушыларымен жұмыс істеуге ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда астаналық «Кибер Формула» компаниясы Қазақстандағы білім беру жүйесіне жаңа серпін беретін жобасын таныстырды. Компания мамандары мектеп оқушыларының бағдарлау мен робототехникаға қызығушылығын арттыру мақсатында G1 атты роботты әзірледі.
Жоба авторы әрі робототехника инженері Расул Ахметовтың айтуынша, алғашқы үлгісі 2018 жылы жасалған. Ал соңғы жетілдірілген нұсқасы 2022 жылы жарыққа шығып, бірқатар жаңа мүмкіндіктермен толыққан.
G1 роботтың базалық нұсқасы қарапайым қимылдарды орындайды: қол беріп амандасу, қолын бұлғап қоштасу, тік жүру сияқты әрекеттерді жасайды, биіктігі шамамен 1 метр 20 сантиметр. Ол мектеп оқушыларымен жұмыс істеуге ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп жасалған. Ал Enterprise нұсқасы жасанды интеллектпен жабдықталған. Ол арнайы бағдарламалау арқылы күрделі тапсырмаларды орындауға бейімделген. Мысалы, оқушы немесе мұғалім маршрут белгілесе, робот сол бағытпен жүре алады. Сонымен қатар, дауыс арқылы басқару мүмкіндігі бар. Және де роботтың арнайы бағдарламалық жасақтамамен жұмыс істейтінін, аккумулятор арқылы қуат алатынын айтты.
– Роботқа түрлі командалар беріп, оны бағдарламалау арқылы оқушылар нақты тәжірибеде ІТ саласының негіздерін меңгереді. Бұл – балаларды болашақта инженерлік, техникалық және ғылыми бағыттарға бейімдеудің тиімді жолы, – дейді Расул Ахметов.
Компания тек үлкен роботтарды ғана емес, оқушыларға ыңғайлы шағын нұсқаларды да жасап шығарған. Мәселен, UNI 3 робот-ит қарапайым бағдарламаларды орындауға бейімделген. Оны да балаларға үйрету арқылы кодтау негіздерін меңгеруге болады.
Расул Ахметовтың айтуынша, жасанды интеллект пен робототехника, қазіргі таңда әлемде қарқынды дамып жатқан сала. Сондықтан мұндай жобаларды мектеп бағдарламасына енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға да септігін тигізеді.
Компания өкілдері алдағы уақытта осындай роботтарды мектептерге орналастыруды жоспарлап отыр.
– Мемлекеттік білім беру стандарттары мен пәндік оқу бағдарламаларына робототехника енгізу көзделген. Ең тиімді тәсілдердің бірі элективті курстар, қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары арқылы оқыту. Бұл ретте мектептерге таңдау еркіндігі беріледі: мысалы, робототехника немесе басқа да үйірмелерді таңдауға болады, – деді CyberFormula3 директоры Меруерт Кенжебекова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мектептерге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізуді тапсырған болатын. Осыған байланысты CyberFormula3 компаниясы өз жобаларын ұсынып, аймақтарда IT-сыныптар мен роботтарды енгізуге дайын екенін жеткізді.
– Біздің мақсатымыз Қазақстан бойынша барлық өңірлерде мектептерге, колледждерге заманауи білім беру мүмкіндіктерін ұсыну. Егер облыстар мен мектептер қызығушылық танытса, біз толық қолдау көрсетіп, оқушылар мен мұғалімдерді сапалы оқытуды қамтамасыз етуге дайынбыз, – деді Меруерт Кенжебекова.
Компания қазіргі уақытта робот сатумен қатар, 2024 жылдан бастап білім беру саласына IT-технологияларды енгізу жобаларын іске асыра бастаған.