«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының жаңа төрағасы сайланды

Сайлау филиалдың кезектен тыс XLIII конференциясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында ашық дауыс беру арқылы филиалдың жаңа төрағасы лауазымына Асылбек Туғанбайұлы ие болды.
Конференция жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, өңірлік филиал мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе жаңа төрағаны сайлау болды. Конференция делегаттары облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбайұлының кандидатурасын бір ауыздан қолдады. «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев оған жаңа қызметінде табыс тілеп, оның кәсіби тәжірибесі мен өңірдің ерекшеліктерін білуі партия жұмысына қуатты серпін беретініне сенім білдірді.
– «AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам құру және азаматтардың құқығын қорғау. Партия заман талабына сай болуға, қоғам сұраныстарына уақтылы және тиімді жауап беруге және Мемлекет басшысының саясатын іске асыруда сенімді тірек болуға міндетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның XXII Съезінде «AMANAT» – бұл орталықшыл парасаттылық партиясы, әділдік пен халық бірлігі партиясы, халықтың пікірі мен үмітін тыңдайтын және азаматтардың мүддесі үшін әрекет ететін партия екенін атап өтті. Мемлекет басшысының сенімі бізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – Президенттің реформаларын жергілікті жерлерде сапалы жүзеге асыру және ел мүддесі мен қазақстандықтардың әл-ауқаты үшін еңбек ету, – деді ол.
Ол сондай-ақ, қазіргі уақытта облыстық филиалдың алдында бірқатар өзекті міндеттер тұрғанын, олардың ішінде партияның аумақтық филиалдарының жұмысын жандандыру, өңірлік сайлауалды бағдарламаны іске асыру, азаматтармен кері байланыс сапасын арттыру, партиялық жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейту, мәслихат депутаттарының жұмыс тиімділігін арттыру және басқа да міндеттер бар екенін қосты. Бұдан басқа, Ержан Жылқыбаев партактивке Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметіне жаңадан тағайындалған Николай Дычконы таныстырды.
Конференция барысында бұған дейін филиал төрағасы қызметін атқарған облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко өңірлік сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Соңғы үш жылда өңірде сегіз мектеп құрылысы аяқталды, 100-ден астам білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, 960 шақырымға жуық жол жөнделіп, қайта құрылды, 27 елді мекен орталық сумен жабдықтаумен қамтылды, жылу энергетикасына 163 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, 87 желілік жабдық жөнделді, 185 шақырымнан астам жылу трассасы қайта құрылды және тағы басқа жұмыстар атқарылды.
– Осы кезеңде біз маңызды кезеңдерден өттік – екі республикалық референдум, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы. 2021 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жүйелі негізде өтіп келеді. Бұл – жергілікті жерлердегі демократияны нығайтуға бағытталған нақты қадам. Бүгінде бізде Әкімдер мектебінде оқыған 150-ден астам сайланған әкім бар. Біз үш аудан әкімін пилоттық сайлауға қатыстық және бүгінде бізде азаматтар сайлаған үш халық әкімі бар, – деп атап өтті Илья Теренченко.
Айта кету керек, қазіргі уақытта өңірде партия қатарында 47 мыңнан астам адам бар, 215 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.