Павлодар облысында фермерлер үшін лизингке өтініш беру рәсімі жеңілдетілді

Павлодар облысында фермерлер үшін лизингке өтініш беру рәсімі жеңілдетілді
Сурет: Жасанды интеллект

Бұрын шаруалар құжат жинап, облыс орталығына келіп, өтініш тапсыруы қажет болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі 

Павлодарда «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев өңірлік фермерлермен кездесу өткізіп, компанияның жаңа онлайн-платформасын таныстырды. Жиын барысында ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу шарттары, қаржыландыру көлемі және фермерлерге көрсетілетін қолдау шаралары кеңінен түсіндірілді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығын қолдау нарығында 25 жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Павлодар облысына 140 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 5700-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы жеткізілген.

– Тек биылғы жылдың өзінде өңір шаруалары 19 миллиард теңгеге жуық қаржыға өтініш берді. Оның ішінде 17 миллиард теңге сомасында 600-ден астам техника лизингке рәсімделді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді, – деді «ҚазАгроҚаржы» Ақ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.

Оның айтуынша, фермерлер бұрын құжат жинап, өңір орталықтарына келіп, өтініш тапсыруы қажет болатын. Ал жаңа онлайн-платформа арқылы бұл процесс толық автоматтандырылды.

– Жүйе мемлекеттік деректер қорымен интеграцияланған. Фермер өтінішін сайт арқылы енгізгеннен кейін барлық есеп автоматты түрде жасалады. Нәтижесінде 10–15 минут ішінде шешім шығады. Бұл шаруаларға уақытты үнемдеуге, артық қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді спикер.

Павлодар облысында қазірдің өзінде бес фермер жаңа жүйе арқылы өтініш беріп, оң нәтижеге қол жеткізген.

Фермерлер үшін техника лизингі 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Төлемді ай сайын емес, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет өтеуге мүмкіндік бар.

– Шаруаның жер көлеміне, мал басына және өндірістік қуатына байланысты қаржыландырудың жоғарғы шегі жоқ. Мәселен, кішігірім шаруашылық иесі 20 миллион теңгелік трактор алса, ірі агроқұрылымға 2 миллиард теңгеге дейінгі техника берілуі мүмкін. Ең бастысы төлем қабілеті болуы шарт, – деді компания өкілі.

Кейбір өтініштерге «ҚазАгроҚаржы» келісім бермей жатады. Оның басты себептері: салық қарыздарының болуы, екінші деңгейлі банктерде мерзімі өтіп кеткен несиелердің болуы, сот шешімдерімен байланысты даулар.

Мұндай жағдайда фермер қарыздарын өтеп, сот мәселелерін реттегеннен кейін келесі жылы қайта өтініш бере алады.

– Біз фермерлерді бірден қаржыландырудан шеттетпейміз. Егер олар қиындыққа тап болса, мысалы құрғақшылықтан өнім шықпай қалса немесе мал шығыны орын алса, біз техниканы тартып алмаймыз. Қайта төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік береміз. Басты мақсатымыз – шаруалардың жұмысын тоқтатпауға жағдай жасау, – деді Еркебұлан Жұмжаев.

Компания өкілдері атап өткендей, Павлодар филиалы еліміздегі ең ірі бөлімшелердің бірі саналады. Ол несиелік портфель көлемі бойынша алғашқы төрттікте тұр. Жыл сайын 350-ге жуық жергілікті фермер лизингке өтініш береді.

Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, Павлодар – аграрлық әлеуеті жоғары облыс. Сондықтан компания үшін бұл өңір стратегиялық маңызға ие.