Ән, би, сурет салу: Ақсуда өнерлі жастар бақ сынасты

Ән, би, сурет салу: Ақсуда өнерлі жастар бақ сынасты
Фото: Tugan Qala

Фестивальге 300-ге жуық өнерпаз қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласында Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайында «Tugan Qala» орталығының ұйымдастыруымен «Jastar fest» фетивалі ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шарада 300-ден астам қатысушы өнер көрсетті. Фестиваль үш аталым бойынша өткізілді. Нақтырақ айтқанда, хореография, ән айту және сурет салу. 

– «Туған қала» жобасы Ақсу қаласында үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Бастапқы екі жылда жоба қаланың инфрақұрылымына басты назар аударса, биыл мәдени іс-шараларды ұйымдастыруды жөн көрді, – дейді орталық кеңесшісі Эльмира Рамазанова. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдымен қала тұрғындарының идеялары қаралған. Жалпы ақсулықтар 114 идея ұсынған екен. Оның 15 идеясы мәдени іс-шараларға байланысты.  Тұрғындар ұсынған бес іс-шара жобасы дауыс беру арқылы қабылданды. Соның бірі – Jastar fest. 

– Жалпы біздің қаламызда талантты жастар көп. Олар елімізді әлемдік ареналарда танытып жүр. Сол себептен осы жобаны қолға алуды шештім. Дауыс беру барысында 330-дан астам балл жинап, мен ұсынған жоба қабылданды. Өзім негізінде 15 жылдан астам уақыт бойы хореограф қызметін атқарамын, – дейді «Jastar fest»  жобасының капитаны Дарья Комарова. 

Жастардың өнерін бағалау үшін Астанадан атақты биші, дала билерінің шебері Ұлықбек Бокоев шақырылды. 

– Бізге жетекшіміз бұл фестиваль жайлы айтқанда бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Бүгінгі сайысқа қазақша «Байтақ елім» әнін дайындап, алып келдім. Әнді дұрыс, әдемі орындау үшін бір ай бойы дайындалдық, – дейді жас әнші, жарыс жеңімпаздарының бірі Жания Қайриден. 

Байқау қорытындысы бойынша, балалардың командалық биі аталымында «Экшен» және «Творча» командалары жеңсе, жекелей балалар биінде Лера Бугаева, Нармин, Милана Вайзер сынды бишілер бірінші орынды қанжығалады. Ал 16 жастан асқан бишілер арасындағы жарыста «Фине» командасы жеңіске жетті.  Араласқан жас аралығындағы би сайысында «Хип-хоп Экшен» тобы бірінші орын алды. 

Ән сайысы бойыша, балалар арасында Іңкәр Жолдыбай мен Жания Қайриден, 12-15 жас аралығындағы әншілер жарысында Ульяна Соколова мен Юлия Санжарова, дуэттік сайыста «Ай Ару» тобы, ересектер арасында София мен Аяжан жеңімпаз атанды. Ал суретшілердің ішінде Айнара Қайрат үздік болып танылды. 

Орын алған қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кету керек, Ақсудың өнерлі жастарын қамтыған «Jastar fest» жобасын жүзеге асыруға демеушілік етіп, көмек көрсеткен - Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы.

Серіктестік материал