Әсет Серікбаев: Мұғалім болу мамандық қана емес, өмір сүру салты
Астана қаласында өткен республикалық педагогтер съезіне қатысқан павлодарлық жас маман өзінің ұстаздық жолға қалай келгені туралы баяндап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әсет Серікбаев Павлодар қалалық А.Байтұрсынов атындағы инновациялық типтегі орта мектеп директорының орынбасары болып қызмет етеді. Ол съезде қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөлі орасан зор екенін тілге тиек етті.
- Мұғалім - бұл жай ғана мамандық емес, менің өмір салтым. Менің отбасымда мен бірінші мұғалім емеспін. Біз үлкен әулетпіз. 11-сыныпта оқып жүргенде болашақта мұғалім болатынымды білдім. Алайда менің алдымда таңдау тұрды. Ол – информатика немесе тарих пәнінің маманы болу. Тарихты таңдағаннан кейін мен осы екі бағытты біріктірдім, - деді ол.
Әсет Серікбаев өзі қызмет ететін мектепте арнайы курс әзірленгенін, соның барысында балалар бағдарламалау мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін үйренгенін айтты.
- Электрондық құралдар мен мобильді қосымшаларды бірлесіп жасаймыз. Олар менің оқушыларыма сұранысқа ие құзыреттерді игеруге ғана емес, сонымен қатар әріптестеріме де көмектеседі. Мен "Тек Конституция" оқулығының авторымын. Оның ерекшелігі-интерактивті тәсіл. Оқулық интерактивті анимация элементтерін, мультимедиялық элементтерді, онлайн тесттерді ұсынады. Бұл оқуды қызықты, түсінікті және қолданбалы етеді. Менің оқушыларым әсіресе құқықтық қорғауға қызығушылық танытты. Олар оқулыққа елдің барлық кодекстерін дербес біріктірді. Бүгінгі таңда бұл оқулық тек Павлодарда ғана емес, Шымкент, Қостанай және Петропавлда да қолданылады деп мақтанышпен айта аламын, - деді педагог.
Жас ұстаздың авторлық кітабына елдегі оқу орындарын ғана емес, Новосібірдегі әріптестері де қызығушылық танытқан. Тіпті, олар оқулықтың аналогын құруда кеңес сұраған.
Бұдан бөлек, жас педагог тестілік режимінде "Smart Teach" жаңа чат-ботын сынақтан өткізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл авторлық жоба өзге ұстаздардың оқу материалдарына, әдістемелерге және басқа да интерактивті ресурстарға еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.