Павлодарлық студенттер сақтардың сирек кездесетін қола пышақтарын тапты

Павлодарлық студенттер сақтардың сирек кездесетін қола пышақтарын тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл өңірде табылған ең көне қола бұйымдардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, Марғұлан университетінің археологтары мен студенттері Павлодар облысы, Баянауыл ауданында сақ дәуіріне тиесілі екі сирек қола пышақты анықтады. Құнды жәдігерлер Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғанында жазғы далалық тәжірибе кезінде табылған.

– Биыл біз «Торайғыр-6» атты белгілі ескерткіште қазба жұмыстарын жүргізіп, тас төбенің шыңын зерттедік. Нәтижесінде «Торайғыр-7» жаңа қорған анықталды. Екі қорғанды қазу барысында біз сақ дәуірінің ерте кезеңіне жататын қола пышақтарды таптық, – деді Марғұлан университетінің археологиялық қорларының бас сақтаушысы Елена Тушева.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл Павлодар облысында табылған ең көне қола бұйымдардың бірі болып табылады.

– Пышақтар ежелгі технология әдісі арқылы қоладан құйылған. Бірақ стилистикалық жағынан ерте темір дәуіріне жатады. Бұл аймақта дамыған металлургиялық технологиялар мен тұрақты мәдени байланыстардың болғанын растайды, – деді Елена Тушева.

Сонымен қатар археологтар бұл жерден Тасмола мәдениетіне тән қаңқа-сүйектердің қалдықтарын тапты.

– Қаңқа-сүйектер жақсы сақталған. Бұл жыныс, жас және антропологиялық сипаттамаларды анықтауға мүмкіндік берді. Ал төменгі қабатты тазартқан кезде біз көне Андронов мәдениетіне жататын қабірлерге тап болдық, – деді «Тарих» бағдарламасының студенті Ангелина Грищенко.

Айта кетейік, Марғұлан университеті Баянауыл аймағында 10 жылдан астам уақыт бойы зерттеулер жүргізіп келеді. Қазіргі таңда оқу орны аймақтағы негізгі археологиялық ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуде.