Өзімізді түзеп, тәрбиелеуіміз керек – Тамара Дүйсенова тәжік жәрмеңкесі туралы
ҚР Еңбек жәнге халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанада өткен тәжік тауарлары жәрмеңкесіндегі дүрбелең туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Премьер-Министрдің әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары ретінде тәжік тауарларының жәрмеңкесі туралы, біздің азаматтардың қылығы туралы пікір білдіріңізші. Бұл нені көрсетеді? Мәдениетіміз төмен бе әлде нашар тұрып жатырмыз ба?», - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет куларында.
«Шынымды айтсам, менің де көңілім қалды. Біз, қазақстандықтар үнемі мәдениетімізбен, төзімімізен ерекшеленіп жүрген едік. Халықтың жағдайы тым нашар деп айта алмаймын. Ондағы азаматтарымыздың бәрі мұндай қылық көрсеткен жоқ. Дегенмен мұндай оқиға орын алды, демек өзімізді түзеп, тәрбиелеуіміз керек», - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Сонымен бірге, министр мұндай оқиғалардың тек қана біздің елде болмайтынын, басқа елдерде де байқалатынын айтты.
«Сондықтан да біз қазақстандықтар ретінде өз еліміздің имиджі үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек», - дейді Еңбек министрі.
Айта кетейік, жексенбі күні EXPO алаңында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, ұлттық қолөнер бұйымдары және ұлттық тағамдарының көрме-жәрмеңкесі өтті.
Кейін Астана әкімдігі де әлеуметтік желіге тараған видеоға түсінік берген еді.