Төртінші билік таңдауы: медиа қауымдастық жаңа Конституцияны қолдады

Төртінші билік таңдауы: медиа қауымдастық жаңа Конституцияны қолдады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Медиа сарапшылар Ата заңдағы өзгерістер сөз бостандығы мен жауапкершілікті теңгеретініне сенімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

9 ақпан күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа – 2026: сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, медиа саласының сарапшылары мен ардагер журналистер қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының төрағасы Бибігүл Жексенбай жүргізді.

– Сөз бостандығы – демократиялық мемлекеттің негізгі құндылығы. Жаңа Конституцияда ол бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігімен бірге нақты кепілдендірілуі тиіс. Сонымен қатар, сөз бостандығы мен азаматтардың ар-намысы, жеке деректерінің қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдік конституциялық деңгейде айқындалуы қажет. Ал жауапкершілік құқықтық, әділ әрі теңгерімді болып, журналистік зерттеу мен қоғамдық сынға кедергі келтірмеуі тиіс, – деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

Дөңгелек үстел барысында 2026 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттары, сөз бостандығының қазіргі мазмұны, ақпарат таратудағы жауапкершілік, жала мен ар-намыс мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі жаңа қауіп-қатерлерге құқықтық жауап беру қажеттігіне назар аударды.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек және басқа да сала өкілдері баяндама жасап, медиа кеңістіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жарыссөз барысында Алматы қаласы, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Атырау облыстарынан онлайн форматта қосылған журналистер мен медиа басшылар жаңа Конституция жобасына қатысты ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында жиналған медиа майталмандары да өз пікірлерін ортаға салды.

Талқылау кезінде сөз бостандығының демократиялық қоғамдағы маңызымен қатар, жалған ақпараттың алдын алу және азаматтардың жеке деректерін қорғау арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау қажеттігі баса айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша дөңгелек үстелдің резолюциясы қабылданды. Құжатта медиа қауымдастықтың конституциялық реформа бойынша ұстанымы жүйеленіп, БАҚ еркіндігі мен ақпарат алу құқығын Ата заңда берік бекіту қажеттігі көрсетілді.

Резолюцияда сөз бостандығы мен ақпарат таратудағы жауапкершілік, азаматтардың іскерлік беделін қорғау мәселелері халықаралық стандарттарға сай нақтылануы тиіс екені жазылған. Қатысушылар жала жабу үшін көзделетін жауапкершілік нормалары әділ болып, журналистік зерттеулерге тұсау болмауы керек деген ортақ мәмілеге келді.

Сондай-ақ құжатта бұқаралық ақпарат құралдарының реформаны кәсіби деңгейде жариялау арқылы қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтудағы рөлі атап өтілді. Журналистік қауымдастық жаңа Конституция жобасын талқылауға бұдан былай да белсенді қатысуға дайын екендігін жеткізді.

Қабылданған резолюция Бас редакторлар клубының қорытынды ұстанымы ретінде уәкілетті мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға ұсыныс ретінде жолданады.