Іздер сөйлейді: павлодарлық криминалист үнсіз айғақтарды қалай «сөйлетеді»

Іздер сөйлейді: павлодарлық криминалист үнсіз айғақтарды қалай «сөйлетеді»
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция майоры Қанат Қашеновтың айтуынша, қылмысты ашуда кейде ең маңызды дәлел көзге көрінбейтін ұсақ із болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көпшілік үшін оқиға орны – жай ғана ретсіздік пен бейберекеттік. Ал Павлодар ауданы полиция бөлімінің криминалисі, полиция майоры Қанат Қашенов үшін ол – әрбір ізі мен әрбір бөлшегі мәнге ие тұтас ақпарат көзі.

Тәжірибелі криминалистің айтуынша, қылмысты ашуда кездейсоқ көрінетін ұсақ белгілердің өзі шешуші дәлелге айналуы мүмкін.

– Менің басты жұмыс қағидам – кез келген деталь маңызды болуы мүмкін. Біздің қызметте мұқияттылық, аналитикалық ойлау және жоғары жауапкершілік қажет. Криминалистиканың өзі асығыстықты кешірмейді, – дейді Қанат Қашенов.

Оның күнделікті жұмысы оқиға орнына шығудан басталады. Криминалист әрбір ізді мұқият зерттеп, микробөлшектерді анықтайды, көзге байқалмайтын айғақтарды тіркеп, заттай дәлелдемелерді жинайды. Бұл көпшілікке көріне бермейтін, бірақ кез келген қылмысты ашуда ерекше маңызға ие еңбек.

Майордың айтуынша, дәл осы мұқият жүргізілген жұмыс әділ шешім қабылдауға негіз болады.

– Кез келген деталь шешуші дәлелге айналуы мүмкін, – дейді ол.

Әріптестерінің айтуынша, кәсібіне деген адалдық, тәжірибе мен жауапкершілік Қанат Қашеновке ең күрделі істердің өзінде ақиқатты анықтауға мүмкіндік береді. Осындай мамандардың еңбегінің арқасында қылмыс жасағандар жауапкершіліктен жалтармай, жазықсыз азаматтардың құқықтары қорғалады.