Павлодарда алғаш рет «Имам барысы» анықталды
Аталмыш додаға 20-ға жуық имам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Баянтау» спорт кешенінде облыстық «Имам барысы» додасы өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған имамдар өзара күш сынасып, қазақ күресінен турнир ұйымдастырды. Аталмыш жарысты ұйымдастырған «Омар әл-Фаруқ» мешітінің өкілдері.
– Жарысқа әрбір ауданнан, әрбір мешіттен бір-бір имамнан қатысты. Жарыс барысында салмаққа шектеу болған жоқ. Яғни, абсалют бағытымен өтті. Жарыс қызықты, тартымды болды, – дейді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бертымұратов.
Аталмыш жарыста Ертіс ауданының Сілеті ауылындағы Амангелді қажы мешітінің имамы Даулат Баязитов жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға 70 мың теңге табысталды.
Екінші орынды және 50 мың теңгелік сертификатты Әбу Бәкір Сыддық медресесінің ұстазы Бекболат Сапаров иеленді. Ал үшінші орынды және 40 мың теңгені Ақмешіт мешітінің азаншысы Нұрбек Адамжанов алды.
Ынталандыру жүлдесін Әбу Бәкір медресесінің ұстазы Нұрсұлтан Мамыраев алды. Оған 20 мың теңгелік серификат табысталды. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталып, «Құран кәрім» кітабы сыйға берілді.