Жаңа қылмыстық бап: Павлодарлықтар банктік картаны кімге бермеуі керек?

Жаңа қылмыстық бап: Павлодарлықтар банктік картаны кімге бермеуі керек?
Иллюстрация: dribbble.com / Nastya Pokotinska

@Pavlodarnews.kz тілшісі күнделікті өмірде жиі туындайтын, бірақ құқықтық тұрғыдан нақты жауапты талап ететін маңызды сұрақтарды зерттеді. Бала ата-анасының орнына банк шотынан ақша ала ала ма және ерлі-зайыптылардың бір шотты бірге пайдалануы заңбұзушылық болып санала ма?

Қазақстанда Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді – 232-1. Бұл бап жеке деректерді қорғауға және қаржы саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Енді өзіңнің банк деректеріңді басқа адамдарға беруге, сондай-ақ олар үшін ақша аударуға немесе төлем жасауға тыйым салынған. Егер бұл әрекеттер ақылы түрде, пайда алу мақсатында немесе қандай да бір пайда үшін жасалса, онда ол қылмыс болып есептеледі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің аға уәкілі Медеу Бейсембайдың айтуынша, бұл шара тұрғындарды алаяқтардан қорғау үшін қажет.

– Алаяқтар өзге адамдардың карталары мен деректерін қылмыстық жолмен алынған табысты қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа адамдарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда адамдар өздерінің қылмысқа қатысып жатқанын түсінбейді. Мысалы, біреу «ресми табыс» ұсынып, картаны беруді сұраса, бұл заңбұзушылық болып саналады. Мұндай адамдар үшінші тұлға ретінде қарастырылады, ал бұл әрекет «дропперлік» деп аталады, яғни адам өз шотын заңсыз ақша алу үшін ұсынады, – деп түсіндірді полицей.

Азаматтық құқықта «үшінші тұлға» – шартқа тікелей қатыспайтын, бірақ сол шарт бойынша құқықтар мен міндеттерге ие бола алатын адам. Ал азаматтық процесте үшінші тұлға – бұл талапкер мен жауапкер арасындағы істің нәтижесіне мүдделі адам.

Полиция қызметкерлері банк деректері – жай ғана сандар емес, бұл сіздің мүлкіңіз, қауіпсіздігіңіз және заң алдындағы жауапкершілігіңізге қол жеткізу.

– Бұл түзетулер алаяқтардың құрбаны болып, өз қаражатына қол жеткізе алмай қалған адамдарға қарсы емес, керісінше, қылмыскерлер үшін шот ашуға саналы түрде келісетіндерге қарсы бағытталған. Мұндай шоттар құрбандардан ақша алуға және ізді жасыруға пайдаланылады. Кейде студенттер әлеуметтік желілердегі жеңіл табыс туралы хабарландыруларға алданып, заңды бұзып жатқанын өздері де түсінбей қалады, – деп нақтылады Медеу Бейсембай.

Егер сіздің картаңызды жақын адамдарыңыз, мысалы, жұбайыңыз, бауырыңыз немесе балаңыз – өз мүддесін көздемей пайдаланса, бұл қылмыс болып саналмайды. Бірақ егер бұл әрекеттер алаяқтықпен байланысты екені анықталса, онда қылмыстық жауапкершілік туындайды.

– Егер сіз ініңізге картаңызды беріп, ақша шешіп алуды сұрасаңыз – бұл қылмыс емес, себебі жаман ниет жоқ. Ал егер жұбайыңыз сіздің картаңызды алаяқтық үшін пайдаланса, бұл қылмыстық жазаланатын әрекет, – деп түсіндірді полиция өкілі.

Банктік деректерді үшінші тұлғаларға беру деп нені айтамыз:

  • егер сіз өз шотыңызға, картаңызға немесе төлем құралдарына қол жеткізуді берсеңіз;
  • егер бұл әрекетті ақша немесе пайда алу мақсатында жасасаңыз;
  • егер сіз өз деректеріңізді басқа адамның атынан аударымдар, сатып алулар немесе басқа операциялар жасау үшін пайдалануға рұқсат етсеңіз.

Полиция қызметкерлері банктік деректеріңізді басқа адамдарға бермеуге және карта немесе шотты беру арқылы «жеңіл табыс» туралы ұсыныстарға келіспеуге кеңес береді. Сондай-ақ, күмәнді жағдайлар туындаса, дереу банкке немесе полицияға хабарласудың қажет екенін ескертеді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша айыппұл мөлшері 160 АЕК-ке дейін яғни  629 120 теңгені құрайды. Жағдайға байланысты жаза қоғамдық жұмыстармен немесе 50 тәулікке дейінгі қамаумен ауыстырылуы мүмкін, сондай-ақ, мүлікті тәркілеу де қарастырылған.

Егер адам банктік деректерін бергені үшін елеулі сыйақы алса, жаза күшейтіледі. Айыппұл мөлшері 3 000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін, ал кейбір жағдайларда екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Өзгенің банктік деректерін немесе шоттарын сатып алғандар үшін жауапкершілік одан да қатаң – үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, міндетті түрде мүлікті тәркілеу қарастырылған.

Еске салайық, 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Осы түзетулердің бірі – дропперлік үшін жаза қолдану.