ҚҚС-тың баға саясатына әсерін сарапшылар түсіндірді

Қазақстандық тауарлардың бағасы айтарлықтай қымбаттамайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сарапшылардың пікірінше, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелу шегін төмендету бағаның өсуін тежейді. ҚҚС төлеуші компаниялар өздері сияқты салық төлеушілермен жұмыс істеуге тырысады, өйткені бұл бюджетке төленетін салық сомасын азайтуға мүмкіндік береді. Егер кәсіпорын ҚҚС төлеушіден тауар немесе қызмет сатып алса, ол төленген ҚҚС-ын есепке ала алады, осылайша оның салықтық жүктемесі азаяды. Осы механизмнің арқасында бағаның өсуі тежеледі, себебі жүктеме ҚҚС төлеушілер тізбегі арасында бөлінеді.
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінің әсерін азайту үшін Үкімет еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл төлем кәсіпкерлерге жүктеледі және тауар бағасына қосылады. Егер ҚҚС мөлшерлемесі көтеріліп, бірақ еңбекақы қорына түсетін жүктеме азайтылса, тұтынушылар үшін бағаның өсу қаупі барынша төмен болады.
Елімізде түрлі салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары бар. Сондықтан қазақстандық азық-түлік тауарларының бағасы күрт қымбаттамайды деп болжануда.