Құндыз пальто, шотланд вискиі: Павлодарда сүйіктісін тонаған ер адам ұсталды
Залал сомасы бір миллион теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күдікті ретінде 50 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ер адамның бұрын әйел адаммен бірге тұрғаны және оның пәтерінің кілттері болғандығы анықталды.
– Бір күні ол бұрынғы сүйіктісі жұмыста екеніне көз жеткізіп, пәтерге кірген. Құндыз пальтосы мен екі жұп алтын сырғасын ұрлаған, алтындарын ломбардқа тапсырып үлгерген. Сондай-ақ бір бөтелке шотланд вискиін қолды қылған, – дейді департаментте.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, заттай дәлелдемелер алынды. Полиция ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.