Павлодар облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинар өтті
Кездесу қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылық қағидаттарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл ұлттық паркінің аумағында Ақсу қаласының жас мемлекеттік қызметшілері мен үкіметтік емес ұйымдар кездесті.
«Кенжекөл жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған семинарға 20-дан астам жас маман қатысты. Спикерлер ретінде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Данияр Кәукенов және «Әділдік жолы» РҚБ филиалының басшысы Нұргүл Қайырденова сөз сөйледі.
Қатысушыларға 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы түсіндіріліп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының іске асырылуы туралы айтылды.
– Тұжырымдама сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, сондай-ақ жалпы қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталған, – деп атап өтті Данияр Кәукенов.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар жеке тұлғаны дамытудың барлық кезеңдерінде, балабақшалардан, мектептерден, жоғары оқу орындарынан бастап және жұмыс орны бойынша енгізілуде.
Семинар соңында қатысушылармен жемқорлыққа қарсы шаралардың нәтижелері мен нақты кейстері талданып, нәтижесінде сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тартуды көздейді. Жобаға қатысу үшін Қамзин көшесі, 37 мекенжайы бойынша немесе Pavlodar@antikor.gov.kz электронды поштасы және +7(7182)37-85-86, +7(771)356-66-77 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Ведомство азаматтардан жемқорлық фактісіне тап болған жағдайда @antikorkz_bot Telegram-боты немесе 1424 нөмірі арқылы шұғыл хабарлауды сұрайды.