Қамқорлық пен құрмет: Павлодар облысында қарттарға жан-жақты қолдау көрсетілуде

Бұл бастама аясында 20 мыңнан зейнеткер қамтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында өңірде салтанатты іс-шаралар, мерекелік концерттер, марафондар мен дәстүрлі шай кештері ұйымдастырылды. Бұл игі шаралар ардагерлер мен қарт жандарға қоғам тарапынан көрсетілген құрмет пен қамқорлықтың айқын көрінісіне айналды.
– Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен облыс көлемінде әлеуметтік төлемдер де жүзеге асырылды. Атап айтқанда: ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен алатын зейнеткерлерге – екі айлық есептік көрсеткіш 7 864 теңге көлемінде, 80 жас және одан асқан, ең төменгі зейнетақы мөлшерін алатын зейнеткерлерге – үш айлық есептік көрсеткіш 11 796 теңге көлемінде біржолғы төлем жасалды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басқармасының бас маманы Венера Демеубаева.
Бұл бастама аясында облыс бойынша 20 мыңнан астам зейнеткер қамтылды.
– Бүгінгі таңда облыста 100 жастан асқан 16 қария бар. Олардың ішіндегі ең үлкені – 113 жасқа келген Павлодар қаласының тұрғыны Күлжамиля Ахмедьянова. Бұл көрсеткіш аймақтағы ұзақ өмір сүру дәстүрінің бір айғағы болып отыр, – деді Венера Демеубаева.
22 қыркүйек пен 20 қазан аралығында облыста дәстүрлі «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Оның аясында ұйымдардың, кәсіпорындардың, үкіметтік емес ұйымдардың, демеушілер мен жеке азаматтардың қолдауымен мұқтаж жандарға көмек көрсетілуде.
Акция барысында әлеуметтік осал топтарға – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты және қарт адамдарға – жан-жақты қолдау көрсетіледі. Биылғы шара аясында 15 мыңнан астам азамат қамтылмақ.
– Айта кетейік, көктемгі кезеңде өткен «Қамқорлық» акциясы барысында 16 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде 2 925 зейнеткерге азық-түлік жиынтығы, материалдық көмек және тұрмыстық қолдау түріндегі жәрдем көрсетілді, – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова.
Қарттарға қамқорлық – қоғамның рухани кемелділігінің белгісі. Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен қайырымдылық бастамалары – аға буынға деген құрмет пен сүйіспеншіліктің нақты дәлелі.