Екібастұзда кеншілерге арналған жаңа радиоайдар іске қосылды
Қала прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Шығыс» разрезінде жаңа жобаны таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Енді кеншілер үшін арнайы «Заң мен тәртіп – біздің таңдауымыз» радиоайдары жұмыс істейді.
– «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ филиалында басталған бұл жоба кәсіпорынның 2300-ден астам қызметкерін қамтып отыр. Прокуратура өкілдері аптасына екі рет корпоративтік радио эфиріне шығып, өзекті құқықтық мәселелерді түсіндіреді. Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және жұмысшылардың заң сауаттылығын арттыру, – деді қала прокуратурасының баспасөз қызметі.
Радиоайдардың ашылу күні кеншілер үшін арнайы жеке қабылдау ұйымдастырылды. Шараға қала прокуроры, полиция бастығы және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама еңбек ұжымдарында заңдылық принциптерін нығайтуға және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған. Кешенді жұмыстар алдағы уақытта кәсіпорын ішіндегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді.