Қар құрсауында қалған дәрігерлерді павлодарлық құтқарушылар діттеген жеріне жеткізді
Олар 4 жасар балаға көмекке бара жатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, түнде Ертіс ауданында «Атамекен – Ертіс – РФ шекарасы» автожолында қар құрсауында қалған көліктер шығарылды. Онда 7 адам болған. Арасында қар тазалау техникасының жүргізушісі де бар. Олардың барлығы Ертіс ауылына жеткізілді.
Шарбақты ауданында қар құрсауында қалған автокөлікті сүйреп шығарды. Оның ішінде 6 адам болған. Олар Шарбақты ауылына жеткізілді. Ал Байет ауылына кіреберіс жолда құтқарушылар жолдан шығып кеткен көлікке көмектесіп, 4 адамды елді мекенге дейін жеткізді.
Павлодар ауданында 2 жолаушысы бар көлік те қар құрсауында қалған. Олар Черноярка ауылына жеткізілді.
Сондай-ақ Екібастұз қаласында құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен дәрігерлерге Құрылысшы ауылындағы төрт жастағы балаға жетуге көмектесті.
ТЖ мамандары азаматтарды қолайсыз ауа райы кезінде елді мекендерден тыс жерге шықпауға шақырады.