Павлодар облысында Ата Заңның арнайы баслымын табыстау рәсімі өтті

Павлодар облысында Ата Заңның арнайы баслымын табыстау рәсімі өтті
Фото: Константин Шелков

Құжат қоғам белсенділеріне тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымын салтанатты табыстау рәсімі өтті.

Жиын барысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова арнайы басылымдарды мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, жастар бірлестіктері, еңбек ұжымдары және өзге де сала өкілдеріне тарту етті.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова Конституцияның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

–         Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Ол мемлекет пен қоғамның одан әрі өркендеуіне бағыт-бағдар беріп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығайтуға қызмет етеді, – деді ол.

Айгүл Маликованың айтуынша, Ата Заңда адам капиталының сапасын арттыруға, білім мен ғылымның инновациялық дамуына ерекше басымдық берілген. Елдің басты байлығы – білімді, жауапты әрі белсенді азаматтар. Сондықтан жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуы, волонтерлік қозғалысқа, кәсіпкерлікке, ғылым мен инновацияға қосып жүрген үлесі Конституцияда бекітілген құқықтар мен мүмкіндіктердің іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімінің орынбасары журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Ол кәсіби әрі ресми ақпарат тарату, мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамыту және заң үстемдігі мен конституциялық құндылықтарды насихаттау БАҚ-тың маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.

«НефтеХим LTD» ЖШС химиялық талдау зертханасының лаборанты, «Адал азамат. Заң және тәртіп» идеологиясының амбассадоры Жамиля Бұланбаева Конституция еңбек адамын қолдауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ерекше мән беретінін жеткізді.

–         Бүгінгі кездесу біз үшін аса маңызды. Себебі, жаңа Конституцияда еңбек адамының мәртебесін көтеруге, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және кәсіби біліктілікті дамытуға ерекше басымдық берілген. Бұл – адал еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген зор құрмет. Конституцияны құрметтеу – елді құрметтеу деген сөз, – деді ол.

Ал «Жастар Рухы» жастар қанаты Павлодар облыстық филиалының кеңесшісі Жанақ Заятов Конституцияны қабылдау кезеңінде жастардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысқанын еске алды.

–         Жаңа Конституцияның қабылдануына үлес қосқан жастар ретінде оның ресми күшіне енуі – біз үшін ерекше қуанышты сәт. Бұл – ортақ еңбегіміздің нәтижесі әрі үлкен жетістік, – деді Жанақ Заятов.

Оның сөзінше, бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Инновациялық Еуразия университетінің маркетологы Ажар Аманжолова Конституция жастар үшін тең құқық пен мүмкіндіктердің кепілі екенін атап өтті.

– Әр жас өз құқықтары мен міндеттерін жақсы біліп, елдің дамуына белсенді үлес қосуға ұмтылуы қажет. Осындай тағылымды шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастырады әрі Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтады, – деді Ажар Аманжолова.

Еске сала кетейік, бұған дейін өңірде жаңа Конституцияның арнайы басылымдары жас буын өкілдеріне табысталды.