Қазақ тілі: Павлодардағы ойын-сауық орталығында ұлттық нақыш нығайтылмақ
Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдері тіл саясатына қатысты маңызды сұрақты көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалының қала, аудандарындағы төрағаларының қатысуымен кеңес өтті. Шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.
Шара барысында өңіріміздегі тіл саясатының жүзеге асырылуы, мемлекеттік тілді дамыту мен қолдауға бағытталған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалдарының жұмыс жоспары және атқарылған шаралар, қала, аудандарда мемлекеттік тілге қатысты туындаған мәселелерді дер кезінде, әрі оңтайлы шешу бойынша бағыт-бағдар беру мәселесі талқыланды.
– Кеңесте мемлекеттік тілге қатысты көптеген сынды ойлар, жоспарлар айтылды. Соның бірі – «Batyr Mall» ойын-сауық орталығында барлық бутиктерде қазақ тілін нығайту. Дәлірек айтқанда, орталықтың ішіндегі жазулар, тіпті «кіру, шығу» деген белгілерге дейін өзгертіледі. Орталық басшысымен келісім жасалып, жұмыс басталып кетті,– дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.
Сонымен қатар, аталған кеңеске жергілікті зиялы қауым өкілдер мен тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының ғалымдары да қатысты.
Фото: @ertis_madenieti