Шарбақтыда тоқылған бұйым Америкаға жол тартты

Қолөнерші, ісмер ана бес жылдан бері ұлттық қолөнермен айналысып, қыздарға тегін сабақ беріп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ардақ Қатай «Бір ауыл - бір өнім» атты көрменің қатысушы. Көрмеге өзінің тоқымадан тоқыған аяқ киімін алып, ұсынды. Өнерді бала кезінде әжесінен үйренгенін айтады. Тоқымаға деген қызығушылығы жастайынан басталып, тұрмыс құрғаннан кейін де өз отбасына киім-кешек тоқумен айналысқан.
Ардақ өзінің білгенін ауыл қыздарына үйретіп, тегін сабақ өткізіп жүр. Оның мақсаты – ұмыт бола бастаған қазақ қолөнерін жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізу.
– Бұл менің бала күнгі арманым. Қолөнер қазақтың қазынасы. Әжемнен дарыған өнерді тоқтатпай, кейінгі жастарға жеткізгім келеді. Бір қыз бала болса да үйреніп, өз жолын тауып жатса менің еңбегім ақталғаны, – дейді Ардақ Қатай.
Ең алғашқы бұйымы балаларға арналған тәпішке болса, уақыт өте келе ол сөмкелер, аяқ киімдер, тұрмыстық аксессуарлар тоқып үйренген. Қолөнер бұйымдарына сұраныс артып, ауылдағы дүкенде өз өнімдерін сата бастаған. Бір қызығы, оның жасаған бұйымдарының бірі осы жылы АҚШ-қа да кеткен.
– Дүкенге келген бір кісі Америкадағы немерелеріне сыйлық ретінде алып кетті. Бұл мен үшін үлкен шабыт болды, – дейді ісмер ана.
Ардақ Қатай – кәсібін дамыту мақсатында арнайы оқып, сертификат алған. Алматыда шебер ұстаздардан сабақ алып, өз білімін жетілдірген. Қазір ол мемлекет тарапынан қолдау алып, жеке кәсіпкер ретінде жұмысын жүргізіп отыр. Арманында ауылда шағын цех ашып, көпбалалы аналар мен жасөспір ім қыздарды үйрету.
– Шарбақты ауданында бос отырған әйелдер көп. Оларға кәсіптің көзін үйретіп, өз қолдарымен табыс табуға көмектескім келеді. Бұл менің жүрек қалауым, – дейді ол.
Қолынан бал тамған қолөнерші шынайы еңбек пен ұлт өнеріне деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.