Қазақстан армиясында артық есеп пен кеңестер қысқартылады

Қазақстан армиясында артық есеп пен кеңестер қысқартылады
Фото: gov.kz

Жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов әскери басқаруды цифрландырып, сарбаздардың қауіпсіздігіне басымдық беруді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Мемлекет басшысының Қарулы күштерді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау жолдары қаралды.

Реформа кезінде қазіргі қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстар тәжірибесі және әскери технологиялардың дамуы ескерілмек. Негізгі басымдық әскердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға беріледі.

Әскери қызметшілерді даярлау тәсілдері де қайта қаралады. Оқу бағдарламаларын қазіргі заманғы ұрыс жағдайына бейімдеп, практикалық тәжірибеге негіздеу көзделген. Әскерде ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау және байланыс технологияларын қолдануға назар аударылмақ.

Жеке құрамның қауіпсіздігі реформаның тағы бір бағыты болады. Командирлер әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға, сарбаздардың қызмет ету жағдайына және тәрбие жұмысына жауап береді. Жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алу және оларға жол бермеу талап етілді.

Басқару жүйесінде де өзгерістер жоспарланған. Министрлік үдерістерді цифрландырып, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқартуды көздеп отыр. Босайтын ресурстар әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету кезінде сатып алу мен ресурстарды бөлу әскердің нақты қажеттілігіне қарай жүргізілмек. Қорғаныс министрі бюджет қаражатын тиімді жұмсауды, негізсіз шығындарға жол бермеуді және шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

– Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деді Айдос Мырзахметов.

Кеңесте Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан кешенді тексеру барысы да қаралды. Құрылымдық бөлімшелердің басшылары комиссияға қажетті ақпаратты толық ұсынуға міндеттелді.