Қазақстанда декреттік төлемді есептеу тәртібі түсіндірілді

Қазақстанда декреттік төлемді есептеу тәртібі түсіндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2027 жылы әлеуметтік төлемді есептеу кезінде ескерілетін табыстың шекті мөлшері өседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ресми жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем ала алады. Бұл мүмкіндік жаңа туған баланы асырап алған азаматтарға да қарастырылған.

Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, өздері үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген әйелдерге тағайындалады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар бұл аударымдарды өздері төлейді.

Жүктілікке байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы әдетте 30-аптадан бастап рәсімделеді. Әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін осы құжат берілген күннен бастап 12 ай уақыт қарастырылған.

– Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына және жүктілік пен босануға байланысты демалыстың ұзақтығына қарай есептеледі, – деп түсіндірді министрлік.

Бұл ретте есепке алынатын айлық табыс жеті ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс. 2026 жылы оның шекті мөлшері 595 мың теңгені құрайды. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге дейін өседі.

Қалыпты босану кезінде 126 күнге 4,2 коэффициенті қолданылады. Ал босану асқынған немесе екі және одан да көп бала дүниеге келген жағдайда 140 күнге 4,67 коэффициенті есептеледі. Ядролық сынақтар жүргізілген аймақтарда тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер қарастырылған.

Егер әйелдің жалақысы белгіленген шектен жоғары болса, жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық шартқа сәйкес айырмасын қосымша төлей алады.

Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үшін табыс туралы анықтама жинаудың қажеті жоқ. Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

– Электрондық еңбекке уақытша жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін жүйе әйелдің төлем алуға құқығын автоматты түрде тексереді. Одан кейін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін SMS-хабарлама жіберіледі, – делінген министрлік ақпаратында.

Өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе ХҚКО-да беруге болады.

Биылғы он айда Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 130,1 мың отбасы алған. Оларға жалпы 144,6 миллиард теңге төленді.

Министрлік алдағы уақытта бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлемді рәсімдеу тәртібін де түсіндіруді жоспарлап отыр.