Қазақстанда олимпиадалық резервті даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енеді

Қазақстанда олимпиадалық резервті даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Туризм және спорт министрлігі жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, елордада министр Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өткен алқалы жиында олимпиадалық резервті даярлаудың бүгінгі жай-күйі мен болашақ реформалары талқыланды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 20-ға жуық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж жұмыс істеп, онда алты мыңнан астам жас спортшы тәлім алуда. Алайда жүргізілген талдау нәтижелері бұл мекемелердің жұмысын кешенді түрде қайта қарау қажеттігін көрсетті. Ендігі кезекте оқу орындарының басшыларына арнайы тиімділік көрсеткіштері (KPI) жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе бойынша облыстық және республикалық құрама командаларға қабылданған спортшылардың үлесі мекеме жұмысын бағалаудың басты өлшемі болмақ, – делінген хабарламада.

Министрлік ұсынған маңызды жаңалықтардың бірі – колледждердегі оқу мерзімін қысқарту. Мамандардың пікірінше, оқу уақытын екі жыл 10 айдан екі жылға дейін азайту спортшылардың кәсіби деңгейге тезірек өтуіне мүмкіндік береді. Осы ретте үнемделген қаражатты бакалавриат деңгейіндегі мемлекеттік гранттарды қаржыландыруға бағыттау көзделген.

Жиын соңында кадрлық әлеуетті нығайту және материалдық-техникалық базаны қайта бөлу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Көзделіп отырған реформалар спорт резервін жүйелі нығайтып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын бәсекеге қабілетті атлеттер шоғырын қалыптастыруға жол ашуы тиіс.