Қазақстанда орташа жалақы 365 502 теңге екені рас па?
2023 жылғы II тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 2022 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 17,1%-ға өсіп, 365 502 теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2023 жылдың II тоқсанында 240 779 теңгені құрады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70000 теңге мөлшерінде белгіленді.
Өткен тоқсанмен салыстырғанда елімізде айлық жалақының орташа мәні 7,3%-ға өсті, нақты жалақы индексі 104,7% құрады.
2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда айлық жалақының орташа мәні 17,1%-ға өсті, нақты жалақы индексі 101,2% құрады.
Өңірлік бөліністе 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2023 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі бірнеше облыста байқалады. Мәселен Ұлытау облысында – 23,8%, Павлодар облысында – 21,8%, Қостанай облысында – 20,8% құрады. Ең төменгі өсім Түркістан облысында – 12,2% және Жамбыл облысында – 12,4% байқалды, - делінген бюро таратқан ақпаратта.
Қазақстанда орташа жалақы 365 502 теңге екені рас па?
2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыс – 36,0%, көлік және жинақтау – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 23,7%, көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 21,8% салаларында байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 20,4%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 15,6%-ға өсті.
2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең төменгі өсуі білім беру – 10,2%, құрылыс – 11,7% салаларында байқалды.
Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 1,9 есе, ақпарат және байланыста – 1,5 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – тиісінше 1,3 есе жоғары болып тіркелді.