Қазақстандық авиакомпаниялардың табысы жаңа рекорд орнатты
ҚР Ұлттық статистика агенттігінің Стратегиялық жоспарлау және реформалар бюросының дерегі бойынша, 2023 жылдың шілдесінде әуе көлігі кәсіпорындарының кірісі 80,5 млрд теңгені құрады. Бұған дейінгі максимум 73,6 млрд теңгені құраған болатын және ол 2022 жылдың тамыз айында орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат DATA HUB Telegram арнасына сілтеме жасап.
Осы жылдың 7 айында компаниялардың жиынтық табысы 418,1 млрд теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 276,8 млрд теңге болған еді.
Табыс өсімінің басты себебі – жолаушылар ағынының артуы (әуе компанияларына негізгі кірісті жүк емес, адамдар әкеледі).
2023 жылғы қаңтар-шілде айларында әуе кемелері тасымалдаған жолаушылар саны 7,3 млн адамды құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 26,1% көп. Сонымен қатар шілде айында 1 миллион 384,9 мың жолаушы әуе кемесімен ұшып, рекорд жаңартты.
Екінші себеп – бағаның өсуі. Әуе көлігі қызметтері 2023 жылдың басынан 48,4% қымбаттады. Әсіресе ақпан (+21,5%) мен сәуір (+17,7%) ерекше әсер етті. Нақтырақ айтсақ, шілде айында қызмет құны 4 пайызға өсті.